Арипова Гауһар Рауанқызы
Арипова Гауһар Рауанқызы
Гауһар Рауанқызы өз тәжірибесімен бөлісуде, әріптестерінің озық тіжірибелерінен үйренуге әрқашан ықылас танытып, әдістемелік жұмыстарға белсенді ат салысады. Ол Алматы қалалық сынып жетекшілерінің ең тұңғыш байқауына қатысып, жүлделі ІІ орынға ие болды. Республика, қала көлемінде өткізген ашық сабақтары қолданған әдіс-тәсілдерінің тиімділігімен, тәрбиелік мәнінің жан-жақтылығымен, ұйымдастыру шеберлігімен жоғары бағаланып жүр. 2006 ж. 21-22 тамызда өткен өзін-өзі тану пәні педагогтарының республикалық тамыз конференциясында «Өзін-өзі тану сабақтарында қолданатын әдістер» тақырыбында баяндама жасап, шығармашылық жұмысын ортаға салып, тәжірибесі таратылды. Аталған тақырыптағы баяндамасы «Өзін-өзі тану» журналында (№4, 2008 ж.) жарияланды.
Гауһар Рауанқызы жаңа буын оқулықтарын жазудағы авторлық ұжымдардың мүшесі болып, көптеген оқу құралдарын дайындады, сондай-ақ оның шығармашылық жұмыстары баспасөз беттерінде жарияланды: 1) «Ана тілі хрестоматиясының» серіктес авторы – (2-сынып, «Атамұра», 1998, 2002, 2009 ж.ж.); 2) «Өзін-өзі тану» оқулығының құрастырушысы («Бөбек» қоры, 2005 ж.); 3) «Өзін-өзі тану» әдістемелік құралының (2004, 2006, 2007, 2009, 2010 ж.ж.) авторларының бірі. 4) «Өзін-өзі тану» жұмыс дәптерінің құрастырушысы (2004, 2005, 2006, 2007, 2009, 2010 ж.ж); 5) «Мазмұндамалар жинағының» серіктес авторы (3-сынып, «Атамұра», 1999 ж.); 6) 2006 жылы «Патриоттық, экологиялық және әдеп тақырыптарындағы тәрбие сағаттар жинағы» кітабында: «Әдептілік – әдемілік» бөлімдерін жазған;
Ғылыми-әдістемелік журналдарда көптеген оқу-әдістемелік мақалалары жарық көрген. «Жыл он екі ай» журналында: «Наурыз – жыл басы», «Әліппемен қоштасу», «Өз тіліңді құрметте», «Өзін-өзі тану» журналында (№1, 2008 ж.): «Біз бақытты баламыз» атты сынып сағаттарының үлгі жоспарлары жарияланды.
«Алматыкітап баспасы» ЖШС-інде 2009-2010 оқу жылында эксперттік топ мүшесі болды.
Арипова Г.Р. – ұстазға керекті білім, біліктілік, өнер, әдеп сияқты асыл қасиеттер иесі ол домбырада, гитарада еркін ойнап, ән салады. Гауһар Рауанқызы шәкірттерінің сүйікті, үлгілі ұстазы, ата-аналар мен әріптестерінің арасында сыйлы, беделді. Шәкірттері өздерінің шығармаларында ертерек өсіп, Сүйікті Гауһар апайларына тезірек ұқсағылары келетінін жазады. Гауһар апайлары сияқты ғажап мұғалім болсақ дейді.