Алматы қаласы Білім басқармасының
«Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназия»
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі:
(8727) 293-90-80
(8727) 293-90-80
Нашар көрушілер
нұсқасы
21
февраль
2013

О гимназии

Тәуелсіздігімізбен құрдас, әрбір шәкіртке ұмытылмас қасиетті білім ордасы


Халқымызда «Бағалай білмегенге бақ тұрмайды, қадірлей білмегенге құт қонбайды» деген сөз бар. Еліміздегі кімнің де болса жер асты еңбегінен ғарыштық даңққа дейінгі аралықтағы мерейлі табысы Тәуелсіз мемлекеттігіміздің жемісі екенін айту азаматтық ниетіміздің адалдығын білдірмек. Біздердің, қазақстандықтардың, бағымыз да, құтымыз да – ұлы Тәуелсіздігіміз. Ел Тәуелсіздігін бағалап, қадірлеп, ұрпақтан ұрпаққа абыройын асқақтатып аманат етіп тапсырып отыру парызы – бәріміздің де бақытымыздың қайнар көзі. Ол Қазақстан тағдырымен әрқайсымыздың тағдырымыздың біртұтас бірлігінен туындайды. Осы орайда Алматы қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 гимназияның құрылу тарихы мен даму жолы ел Тәуелсіздігімен өрімдес екенімен ерекшеленеді.

Бұл мектептің дүниеге келуі өткен ғасырдың 90-жылдарындағы қазақ елінің ұлттық санасының оянуының жаңа серпінінің жемісі болғандығымен байланысты. Ол белгілі журналист, жазушы, қоғам қайраткері Жүніс Ыбырай жазған «Ұрпағыңды өсір жастайын...» («Жалын» журналы, 1998 ж., №11-12, 62-112 б.) атты деректі хикаятта жан-жақты баяндалған. Бұл туындыда сол жылдары ерекше белсенді қызмет еткен «Қазақ тілі» қоғамында ұлтымыздың келешегі үшін атқарылған игі істердің ішінде қазақ мектептерін ашу айрықша қолға алынғаны айтылады. Кітапта келтірілген: «Соңғы жылдары ғана Қазақстанда 700-ден аса қазақ мектептері жабылып қалды. №12 мектептен басқа қазақ мектебі қалды ма екен осы астанада», – деген дерек сол кезде қазақ мектебін ашудың қаншалықты машақатты болғанынан хабардар етсе керек.

Хикаятта қазіргі №159 мектептің құрылуына тиісті мекемелердің шешім шығаруын жеделдетуде күн-түн демей жүгіріп, керемет еңбек сіңірген Асқар Тоқпанов, Рахманқұл Бердібаев, Жүніс Ыбырай, Бақдәулет Кенжалиев, Тоқтар Абайділдаев, Тілеухан Сарсенбаева сияқты азаматтар болғаны атап көрсетілген.

№159 қазақ мектебінің ашылуы үшін ерекше еңбек сіңірген, әрі оның бастамашысы, ұйытқысы болған – осы деректі хиқаяттың авторы, қазақ тілінің белгілі жанашыры Жүніс Ыбырай. Сондағы №159 қазақ мектебін ашу жолындағы күрес туралы Ж.Ыбыраев арнайы деректі кітап жазып, оны «Ұрпағыңды өсір жастайын...» деп атап, 1998 жылы жариялады. Шығарманың осылай аталуы да қазақтың қазақ болып қалуы үшін ұрпағын жастайынан ана тілінде оқыту керек деген автор ойынан туса керек. Тарихи хиқаятта нақты баян етілгендей, жұртшылық қауымның тілектері және «Қазақ тілі» қоғамы қайраткерлерінің табанды талабы арқасында Қабанбай батыр (Калинин) және А.С.Пушкин көшелері қиылысындағы ғимаратта жаңа ашылған №159 қазақ орта мектебі 1991 жылы 31 тамызда бірінші қоңырауын соқты.

Осы сәттен бастап, шәкірттердің «Мектеп – алтын бесігің, шаттанып аш есігін!» деген білім ордасының кіре беріс маңдайшасындағы көрнекті жазуға күн сайын көзі түсіп оқып, алтын босағасын ықыласпен аттап, киелі мекндегі ұлан-асыр оқу шаттығына бөленіп келе жатқанына да, міне, жиырма жыл толып отыр.

Мектеп орналасқан ғимарат 1924 жылы салынған, сөйтіп онда №8 Алматы үлгілі-тәжірибелік мектебі орналасқан. Бұл туралы хиқаятта сол жылдардағы Қазақ ССР Халық Комиссарлар Кеңесінің 1924 жылғы 22 қазандағы мәжілісінің №35 хаттамасында дерек бар екені айтылған. Хаттамада Жетісу губерниялық халық ағарту инспекциясы бойынша 1923 жылғы 2 марттағы №30 бұйрыққа сәйкес Алматының 9 жылдық №8 мектеп үлгі-тәжірибелік мектеп болып қайта құрылғаны жазылған. Ол мәжіліске КазЦИК төрағасы Исаев, халық ағарту комиссары Залиев және басқалар қатысқан. Осылайша, 1991 жылы ашылған №159 мектепке берілген үш қабатты үй өткен ғасыр басында бой көтерген ескі ғимарат болды.

Міне, еліміздің Тәуелсіздігінің құрдасы дерлік №159 мектептің құрылғанына 20 жыл толып отыр. Бір кездерде ХІХ ғасырдың бел ортасында ұлы педагог Ыбырай Алтынсарин қазақ балалары үшін көптеп мектеп ашуды арман етсе, жүз жылдан соң қазақ халқы үшін сондай арман жаңа жағдайдағы жаңа мазмұнда қайта туындады. Ол арман Қазақстанның Тәуелсіздікке қол жеткізуімен шын мәнінде жүзеге асып, қазақ мектептерінің қайта жанданып, жан-жақты дамуына жол ашылды.

Тәуелсіз еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Еліміздің ертеңі мен бүгіні – жас ұрпақ қолында, жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздардың қолында», - деп айтқанындай, Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 гимназияның педагогикалық ұжымы өзінің Отан алдындағы, жас ұрпақ алдындағы осынау ұлы миссиясын адал атқаруда аянбай еңбек етіп келеді.

Жүз елу тоғызыншы нөмір бекітіліп берілген бұл мектептің тұңғыш директоры болып Аягүл Төреқызы Миразова тағайындалды. А.Т. Миразованың содан бері табан аудармай осы мектепке үздіксіз басшылық етіп келе жатқанына да биыл, міне, 20 жыл толып отыр. Ол кезде сынып саны-16, оқушы саны-400, мұғалімдер -33 еді. Жаңа мектеп, жас педагогикалық ұжымға қалалық білім басшылығы, жанашыр қауым аяқтанып кетуіне тілектестікпен қол созды, аянбай көмек етті. Бұл орайда, Алматы қаласындағы №12 қазақ орта мектебі педагогикалық ұжымы түсіністік танытып, ұйымдастырушылық жұмыстарда едәуір көмек етті. 400 оқушы сол мектептен бөлініп берілсе, ұстаздар қауымынан отыз үш ұстаз жаңа ұйымдасқан мектептің іргесін қаласуына ықылас танытты.

Сол жылы желтоқсан айында Қазақстан Тәуелсіз Республика болып жарияланды, сөйтіп №159 мектеп Ұлы Тәуелсіздігімізбен құрдас және азаттық рухтың жемісі болып, ел дамуымен ортақ бағытта нұрлы болашаққа бет алды. №159 мектептің педагогикалық ұжымы елдің дамуын – мектеп дамуы, мектеп дамуын – елдің дамуы деп түсінерлік жауапкершілік сезімінен бір сәт те ауытқымай, мемлекетіміздің өркендеуімен біртұтас өсіп өркендеуде.

1992 жылы ұстаздар ұжымы мен ата-аналардың сұраухаты қолдау тауып, мектепке ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин есімі берілді.

Бұл қарсаңдағы еліміздегі білім беру ісінің жай-күйі жаңа мектептің де қызметінде өз лебін тигізді. қол жеткізген Тәуелсіздікті ұрпақтар игілігіне баянды ету үшін еліміздің алдында сан-салалы міндеттер тұрды. Солардың бірі – жаңа білім саясатын қалыптастырып, Тәуелсіз елде білім беру ісін жаңа жолға қою керек болды. Қоғамымыздағы саяси, экономикалық және әлеуметтік түбегейлі өзгерістер білім берудің жаңа даумының алғы шарты бола отырып, одан жаңа сипаттар талап етті. Жаңа мемлекеттік білім саясатын іске асыру үшін елімізде қоғамдағы және мемлекеттегі өзгерістерді ескере отырып, білім беру жүйесін реформалаудың жаңа тұжырымдамасының құқықтық-әдістемелік негіздері жасалынды, Қазақстан мектептері үшін Тәуелсіздік идеяларын оқушыларға жеткізу, қоғамдық-әлеуметтік жаңа құндылықтарды хас ұрпақ санасында орнықтыру сияқты мемлекеттік мәндегі міндеттер белгіленді. Осы аяда №159 мектептің педагогикалық ұжымына оқу – материалдық база жасау, оқу-әдістемелік жабдықтау, педагогикалық кадрлар құрылымдап, оларды дұрыс бағытта іске жұмылдыру, мектептің жоба-жоспарларын, концептуалдық тәртіп жүйесін белгілеу, оқушылар және ата-аналарға білім беру стратегиясы мен оны жүзеге асыруда күнделікті кездесіп отыратын қиыншылықтар арасындағы байланысты ұғындыру, ортақ іске ұстаз – оқушы – ата-ана болып ынтымақтастықта жұмыла кірісу т.б. мәселелерді дер кезінде шешіп отыру керек болды.

Міне, осындай жағдайда №159 қазақ орта мектебінің педагогикалық ұжымы мақсат-міндеттерді саналы түсініп, жан аямай еңбек етті. Әр ұстаз өз миссиясын атқарумен бірге, бүкілмектептік және қоғамдық жұмыстарға да ортақтасып ат салысты. Бұл - қоғамның қайта құрылуы жағдайындағы экономикалық-әлеуметтік қиындықтарды жеңу күресі кезеңінде жүріп жатты. Елдегі экономикалық-әлеуметтік жағдайдың жаңадан ғана көтеріліп келе жатқанымен байланысты мұғалімдер жалақысын мезгілінде ала-алмауы, мектепті материалдық жабдықтау жүйесіндегі қиындықтар және жекелеген пәндер бойынша кадрдың жетіспеуі сияқты түйткілдер кездесіп жатқанмен, мұғалімдер өздерінің ұстаздық ар-ожданын түсірмей, табандылық танытып, еселей еңбек етті.

№159 мектепің тәй-тәй шағында оған оқу-әдістемелік жағынан қол ұшын берген зиялылар аз болған жоқ. Ол күндерді бұл мектепті ашылған сәтінен басқарып келе жатқан Аягүл Төреқызы Миразова ерекше ризалық сезіммен еске алады: «Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген 1991 жылы №159 мектеп те өз алдына шаңырақ көтеріп, отау тікті. Мен осы жаңа ашылған мектептің директоры болып, жас педагогикалық ұжымды басқару сеніміне ие болдым. Ұстаздық тәжірибем жеткілікті болғанмен, басшылық тәжірибемнің жаңа басталуы кезінде атақты ұстаз Социалистік Еңбек Ері, көп жылдар бойы №12 мектепті басқарған Рафика Бекенқызы Нұртазина әрдайым қолдау көрсетіп, бай тәжірибесімен бөлісті. Ол кісіден тек басшылық тәжірибені ғана емес, өз бетімен білім саласындағы жаңалықтарды іздеп, мұғалімдердің де білімді, әрі білікті болуына, шәкірттердің талғамы биік, ізгілікті, шығармашылық жағынан қабілетті болып тәрбиеленуіне жағдай жасауды үйрендім десем, артық айтпаймын. Жақсыдан - шарапат дегендей, Рафика Бекенқызы сияқты абзал жүректі, ізгі ниетті жандардан үйренген тәжірибемнің бағы жанып, 2008 жылы мектебіміздің бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып еткен жемісті еңбегі еленіп, «Қазақстан Республикасының Еңбек Ері» атандым. Елбасының қолынан «Алтын Жұлдызды» алып тұрып: «Бұл ең жоғарғы награда – бүкіл қазақстандық ұстаз қауымының еңбегіне берілген құрмет екенін айттым және де сол шаттықты сәттерімде: «Рафика Бекенқызы, Сіз екі мәрте Еңбек Ері болдыңыз, өйткені менің төсімдегі белгі - Сіздің де төсіңізге тағылған белгі» деп, іштей қуандым»,- дейді бүгінде өзі басқарған мектебін бүкіл Республикаға танымал, үздік деңгейге жеткізген директор Аягүл Төреқызы.

Өмір бойы ұрпақ тәрбиесіне, шәкірттің бүгіні мен келешегіне ұстаздық жүрегіндегі бар асылын, інжу-маржанын құюмен келе жатқан А.Т.Миразова Ы.Алтынсариннің «жақсы мұғалім маған бәрінен де қымбат» деген өсиетін адал орындауға әр кезде күш салып, мектептегі мұғалімдерді үлкен-кіші демей, әрбірінің қадір-қасиетін құрметтеп, олардың өз-өзіне деген педагогтық сенімін, әлеуеттерін нығайтып, арттырып отыруды үнемі назарында ұстайды. Ауылдық жерден келген мұғалімдерге, сондай-ақ жас кадрларға мүмкіндігінше жағдай жасап, баспана мәселесінің шешім табуы үшін тиісті органдарға жүгіріп жүріп, біріне коммуналдық пәтер, біріне жатақхана ұйымдастырып, үнемі қамқорлық етуі де жалпы мектеп жұмысының алға қарқынды өрлеуіне септік етті.





Сол жылдарда мектептің оқу ісінің меңгерушісі болған Оңғарова Гүлжамал Жұмабекқызы өзінің ұйымдастырушылық және оқу-әдістемелік мүмкіндіктерін ортақ мақсатқа адалынан арнады. Ол, әсіресе, мұғалімдердің жақсы қасиеттерін көріп танып, олардың мүмкіндігінше ашылып, іске жұмсалуына ерекше көңіл бөлген еді. Жаңашыл директор мен шығармашыл әдіскердің үйлесімді бағыттарын, үйлесімді көзқарастарын, үйлесімді еңбектерін мұғалімдер де көріп, сол үйлесіммен тоғыстыққа ұмтылды, сөйтіп жұлдыздар шоғырына айналып, ынтымақтастық пен ортақ мақсаткерлік танытты. Соның арқасында мектеп мұғалімдері мен шәкірттері құнарлы топыраққа түскен сапалы дәндей күнге ұмтылып, ауданда, қалада көптеген көрсеткіштер бойынша көзге еленіп, ауызға іліне бастады.

№159 мектепте әрбір мұғалімнің ұстаздық бейнесінің интеллектуалдық мазмұн байлығы мен өсуіне қолдау жасау бірінші кезекке қойылды. Мына төмендегідей қағида мектеп дәстүрі болып орнығуы үшін күрес үздіксіз жүргізілді: Ұстаздық – өте жауапты мамандық. Ол – мектептің де, қоғамның да, мемлекеттің де, ұлттың да, ғылымның да, білімнің де, тарихтың да, адамгершіліктің де, жақсы мінездің де, батырлықтың да, ақындықтың да, өнердің де, спорттың да нағыз жанды өкілі. Үнемі баланың көз алдында болу - әрдайым жинақы, таза, әдепті, әділетті, білімпаз, мәдениетті жүруді талап етеді. Кез келген уақытта шәкірттің қандай да болсын сұрағына білімділікпен жауап беруге тура келеді, соған дайын болу керек. Оған нақты, дәлелді, сенімді, көркем, қисынды, тартымды, шынайы сөйлеу керек. Ұстаздың әділдігі, батылдығы, адалдығы, шыншылдығы, іс пен сөз бірлігі, мінез көркемдігі, сабыр ұстамдылығы, білімі күн сайын балалар тарапынан бағаланып отырады. Ол – әрі ғалым, әрі ақын, әрі әртіс, әрі шешен, әрі батыр, әрі көшбасы. Ұстаз – мейірім, махаббат, жанашырлық сезімдерінің көрігі. Ол - мемлекеттігімізді құрметтеу жауапкершілігін шәкірттеріне жеткізіп дарытушы. Сондықтан да, Бауыржан Момышұлы айтқандай, «Ұстаздық - ұлық емес, ұлы қызмет» екенін есте ұстау парыз. Балаға көсемдік парасатпен, қызметшіл көзбен қарау, достық ниет көрсету – табыс кілті». Бұл қағидалардың мектеп ұстаздарының педагогтік өмір салтына айналуы - оқу-тәрбие ісінің өрлеуіне серпін берді. Ш.А.Амонашвилидің жеке тұлғаға бағдарлай оқыту идеясы, С.Н.Лысенкованың бастауыш мектептегі тірек сызбалар қолдану тәжірибесі, И.П.Волковтың шығармашылыққа үйрету әдістері, В.Ф.Шаталовтың бәрін де оқыта отырып, әрбірін тірек карточкалар арқылы оқыту технологиясы, Е.И.Ильиннің ынтымақтастық педагогикасындағы қарым-қатынас өнеріне үйретуі, В.Давыдовтың дамыта оқытуы, Махмудовтың проблемалық оқытуы сияқты сол уақыттың озық технологиялары мектепте кең әрі күнделікті насихатталып, зерттеліп, зерделеніп, мұғалімдер қолдауын тапты. Олардың қолданылу барысы әдістемелік кеңестерде, семинарларда, конференцияларда талқыланып, педагогикалық кеңесте бағаланып отырды. Бұның өзі сабақ мәдениетінің, балалардың білім сапасының артуына ықпал етті. Оқушылардың шығармашылдық жұмыстарының дайындау деңгейлері жоғарылап, олимпиадалық сайыстарға қатысуға ынталылығы өсіп, үздік оқушылар көбейіп, ауданда, қалада өтетін сан алуан байқауларда үздіктер жиі және молдап көріне бастады.

Алматы қаласы ел астанасы болғандықтан, республикалық дәрежедегі конференциялар, семинарлар, түрлі озық тәжірибе алмасулар жиі болып, оларға қатысу мүмкіндігі де орайласып жататын. Алматы қалалық Білім департаменті қала мектептеріне басшылық жасаудың жолдарын көрсетіп отыруды заман талабына сай жүргізіп, білім берудегі жаңа өзгерістерді мектептерде білгірлікпен іске асыруға мұрындық бола білді. Ол өзінің өнегелі бастамаларымен, өміршең істерімен қала мектептерінің көшбасшысына, жаңа мемлекеттік білім саясатын жүзеге асыруды ұйымдастыру орталығына айналды. Қала мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін жаңа жолға бағдарлау, қайта даярлау мықтап қолға алынды, жалпы орта білім беру жүйесінің оқу-материалдық базасын нығайтуды назарда ұстады. Еліміздің білім беру реформасын жүзеге асырып қалыптастыруға қалалық білім департаментінің басшысы Г. Е. Есімбаеваның басшылығымен бағытталған бұл игі істер қала мектептері жұмысының жаңа мазмұнға ие болуына оң ықпал етті. Қала аумағында оқушыларды және мұғалімдерді шығармашылық нәтижеге ұмтылуға мотивтейтін түрлі пәндік олимпиадалар, ғылыми жобалар, сайыстар, жарыстар, байқаулар, конкурстар ұйымдастырудың қарқын алуы мектептерде мұғалімдерді шығармашылық жұмысқа ынталандыруға, жеке тұлғаның қабілетін ашуға, дарындыларды анықтап қолдауға түрткі болып, кең жол ашты. Олар оқу үрдісінде бағдарға алынып, сабақтан тыс үйірмелер, факультативтер, түрлі клубтар жұмыстарының жандануына жүйелі тетік болды. №159 мектепте де мұғалімдермен әдістемелік жұмыс күшейтіліп, оқушылардың қабілетінің ашылуына септік ететін даралай және топтық оқыту технологиясын қолдануға күш салынды.

Дей тұрғанмен, 90 жылдарда қазақстандық білім берудің дәстүрлі жүйесінде қалыптасып қалған қайшылықтар жаңашылдықпен бірқатар өмір сүріп жатты. Шәкірттердің жалпы мектеп жағдайындағы білім алу мүмкіндіктерінің бірыңғай болуы олардың жеке таңдаулары мен қажетсінулерін толық қанағаттандыра алмады. Қоғамдағы жаңа өзгерістер, тарихи-мәдени – ғылыми жаңалықтар білім мазмұнында жеткілікті көрініс таппады. Білім берудің жеке тұлғаның дамуына емес, жалпылай білім алуға бағдарлануы, оқушыларды қоғамда өмір сүруге дайындау талабы мен мектеп бітірушілердің бойында тап осындай өмірлік мәнді біліктіліктердің кем болуы қайшылық туындатты. Осы сияқты қайшылықтардың бар екенін ескеріп, олардың неғұрлым аз көрініс табуын назарда ұстау керек болды. Жасөспірімдердің бойында жаңа қоғам талаптарына сай тұлғалық, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар сапасының қалыптасуын қамтамасыз ету жолдары бойынша бастамашылық сипатта ізденістер жасауға тура келді.

Осы кезеңдегі Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 мектеп өзінің дамуының іргетасын қалыптастыру жылдарында өзінің әкімшілік басқару стилін мынадай жүйеде ұйымдастырды: мұғалімдерді оқу-әдістемелік ақпараттық қамтамасыз ету, нақты іргелі бағдарламаларға, тұжырымдамаларға негіздеу, мақсаттарды айқындау, міндеттерді белгілеу, жоспарлау, ұйымдастыру, күнделікті реттеу шаралары, мониторингтік бақылау-талдау жұмысы, диагностикалау, түзету және жетілдіру, жинақтау, күтілген нәтижемен салыстырып қорыту т.б. Басқарудың бұл стилі ұжымның жоғары моральдық - адамгершілік, өзара сыйластық, ынтымақтастық сапаларының қалыптасуымен толықтырып, байытылды. Сондай-ақ мұғалімдердің кәсіби мәдениетінің, мектептің педагогикалық дизайнының, оқушылардың эстетикасының жетілдірілуі үнемі назарда ұсталды. Әкімшілік-әдістемелік басшылықты ұйымдастырудың ғылыми негізі де, оқу үрдісіне жаңа технологияларды енгізу де, мектептің жұмыс режимі де, психологиялық қызмет те, ата-анамен ынтымақтастық та осынау ортақ бағытқа қызмет етті.

Сөйтіп басқару нәтижелерінің басты көрсеткіші атқарушылық тәртіп емес, педагогикалық ұжым, техникалық қызметкерлер, оқушылар арасындағы өзара бірлескен педагогикалық қарым-қатынас мәдениетінің дағдыларын орнықтыру деп түсіну ынтымақтастық педагогикасы арқылы оқу-тәрбие сапасын арттыруға қол жеткізді.

Қоғамымыздың өркениеттік дамуы, оның барлық салаларының демократиялануы, ұлттық өзіндік сананың қайта өрлеуі жағдайында елімізде мектеп жұмысын жаңалау үрдістері қарқын алды. Бұл ағында №159 мектеп те өз қал-қадерінше көріне алды. Қазіргі жаhандану заманындағы ақпараттық өзектіліктің қарқынды дамуына байланысты информатика пәні №159 мектепте 1992 жылдан бастап «Пилоттық мектеп» бағдарламасымен оқытыла бастады. Мектептің озат тәжірибелі мұғалімдері жаңашылдық педагогикалық ізденістерге құлшына кірісті.

Мектептің дамуы тез қарқын алып, сегіз жылдық мектепке арналған ғимарат тарлық ете бастады. Міне, сол кезде, сол шақтағы Медеу ауданының әкімі Т. М. Асанов мырза қазақ мектебінің жағдайына айрықша көңіл бөліп, нағыз ерлік жанашырлық танытты. Алдымен мектептің қызмет ете бастағанына үш жылдай өткенде, Достық даңіғылы мен Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысынан алты топқа арналған, босап қалған балабақша үйін, ал одан кейін екі-үш жыл өткенде, Қалдаяқов және Қарасай батыр көшелерінің қиылысындағы босап тұрған, он екі топқа арналған балабақша ғимаратын мектепке алып берді. Асанов мырзаның бастамашыл шараларын қалалық білім департаментінің бастығы Г.Е. Есімбаева іс жүзіне асыруда табандылықпен көмектесті.

1996 жылы Алматы қалалық білім беру басқармасы педагогикалық ұжымдар арасында Алматы қаласының әкімінің конкурсын ұйымдастырды. Конкурс шарттары мектептегі инновациялық-жаңашылдық үрдістің барлық салаларын қамтыған қатаң талаптармен ерекшеленді. Өйткені, бұл тәуелсіз мемлекетіміздің жалпы орта білім беру саласына қойған мақсаттары мен міндеттеріне байланысты олардың орындалу және даму сапасын байқау және оған серпін беру, ынталандыру қажеттілігінен туындаған еді. Байқау қорытындысында Алматы қаласы әкімінің конкурсының жеңімпазы болып Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 мектептің педагогикалық ұжымы танылды. Мұнда әрбір педагогикалық ұжым мүшесінің оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастырушылық-педагогикалық, озық технологиялық әдістерді меңгеруі, мемлекет заңдарын, әсіресе, «Білім туралы», «Тілдер туралы» заңдарды білу, оны іске асыру, педагогикалық іскерлік пен шығармашылығының нәтижелілігі т.б. көрсеткіштер мұқият ескерілді.

1997 жылы Республикамызда тәрбие саласы бойынша «Әдістемелік бейнефильм» байқауы өтті. Онда, негізінен, мектептегі әдістемелік жұмыс, мұғалім кадрларының кәсіптік біліктіліктері мен оны жетілдіру жолдары көрініс табуы қажет етілді. Алматы қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 мектепке осы Республикалық «Әдістемелік бейнефильм» байқауында бірінші орын берілді. Қала аумағындағы және Республика көлеміндегі бұл қол жеткен жоғары бағалар мектептің педагогикалық ұжымын одан әрі топтастырып, жаңа шығармашылық ізденістерге жұмылдырды.

Осылайша №159 мектеп өзінің қалыптасу кезеңінде оқу-тәрбие ісінің ағымын күнделікті жетілдіру, бақылаумен бірге, негізгі мәселе етіп мұғалім кадрларының кәсіптік біліктілігін, шығармашылық әлеуеттерін арттырып, берік әдістемелік теориялық-практикалық іргетас қалау міндетін шешуге күш салды. Және ол жеміссіз болмай, педагогикалық ұжымның жаңашылдық ізденістері мен еңбектерінің арқасында қала, Республика көлемінде жоғары бағаланды.

Өзінің даму тетігін дұрыс анықтап, оны белсенді іске қосуының арқасында 1997 жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 мектеп «Жан-жақты профильді гимназия» мәртебесін жеңіп алды.

Гимназия мәртебесіне ие болумен байланысты оқу-тәрбие үрдісі өзіндік жаңа ерекшеліктермен байытылды. Гимназия жалпы мектеппен мақсат-міндеттері, күтілетін стандарттық нәтижелері ортақ болуымен бірге, ол оқу-тәрбиенің тұлғаға бағытталуының басымдығымен, гумандық бағдарлылығының күшеюімен ерекшеленді. Соған сәйкес Ы.Алтынсарин атындағы №159 жан-жақты профильді гимназия білім берудің мынадай моделін қалыптастыруды жоспарлап белгіледі:

ü оқушының өзін, өзгені, адам қоғамын және белгілі бір ортадағы адам әрекетін танып білуіне оқу пәндері арқылы қол жеткізу;

ü оқушының оқу әрекетінің еркіндігіне мейлінше жол аша отырып, тұлға дамуына жағдай жасау;

ü өз бетінше әрекетін жоспарлай алатын, шешім қабылдай алатын, оны орындауда өз бетінше шығармашылық әрекет ете алатын, бағалай білетін адамды дайындау;

ü оқушыны биік адамгершілікке баули отырып, өзгелермен, қоғаммен қарым-қатынас мәдениетіне, толеранттық төзімділік таныта алуға үйрету т.б.;

ü терең білім, білік, дағды меңгеріп, оның адам өмірі үшін мәнін ұғыну, қолдана білуге бағыттау т.б.

№159 мектеп ендігі жерде гимназия режиміне көшуіне байланысты гимназия өзінің оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастыруда мынадай жүйеде ерекшеленді:


Гимназия оқу-тәрбие үрдісінің ерекшеліктері


Мектеп сатылары

Міндеттері

Оқу-тәрбие үрдісінің ерекшеліктері

1-4 сыныптар

Бастауыш саты

1. Жекелеген тұлғаның әлеуеттік мүмкіндігін ашуда психологиялық - педагогикалық шарттарды ұйымдастыру.

2. Баланың бойындағы дарындылық қабілетін ерте таба білу.

1. Информатика негіздерін оқыту.

2. Қазақ тілін бөліп оқыту.

3. Ағылшын тілін 2-сыныптан оқытуды енгізу.

4. Хореография.

5. Домбыра.

6. Оқушының шығармашылық ықыласын аңғарып, дамыту.

7. Сөйлеу және мәдени қарым-қатынас.

5-9 сыныптар

Негізгі саты

Жеке тұлғаның әлеуеттік мүмкіндіктерін ашудағы психологиялық-педагогикалық шарттардың толық орындалуы.

1. Қазақ тілін тереңдетіп оқыту.

2. Ағылшын тілін тереңдетіп оқыту.

3. Информатика.

4. Психологиялық мәдениет негіздері.

5. Валеология.

6. Шешендік өнер.

7. Нарықтық экономика негіздері.

10-11 сыныптар

Жоғарғы саты

1. Оқушының жеке тұлға ретіндегі жалпы интеллектуалдық дамуын жоғары деңгейде қалыптастыру.

2. Оқушылардың гуманитарлық, эстетикалық, адамгершілік дамуына қолайлы жағдай туғызу.

3. Математика, жаратылыстану, информатика салалары бойынша іргелі танымдық теориясын оқушы бойында қалыптастырып, оның қолданбалы қызметін меңгерту.

4. Қазіргі ғылыми және экономикалық мәдениет жетістіктерінің негізінде жаңаша ойлауын қалыптастыру.

1. Таңдау курстары бойынша оқыту:

· Қазақ тілі мен әдебиеті;

· Математика мен информатика.

· Ағылшын тілі;

· Ғылыми жобалар, шығармашылық жұмыстар қорғау;

· Маркетинг және менеджмент;

· Кәсіптік бағдар беру;

2. Өмір бойына үздіксіз оқу дағдылары.


Гимназияның дамуының алғашқы он жылдығының қорытындылары негізінен білім сапасының жоғары көрсеркіштерімен бейнеленеді. Табыс биігі – шәкірттердің бағдарлы әрекетті ұстана білгенінде ғана жететін жетістік. Оқушының өзіндік оқу еңбегін дұрыс ұйымдастыру арқылы қол жеткен гимназияның білім сапасы бойынша он жыл ішіндегі белестерін төмендегідей жетістіктер құрайды.

Барлық мектеп бітіруші оқушылардың жоғарғы оқу орнына түсу бойынша он жылдағы көрсеткіші - 98 %. 1991-2001 оқу жылы аралығында барлығы 2 оқушы – «Алтын медальмен», 2 оқушы – «Күміс медальмен» аяқтаса, одан кейінгі жылдарда яғни 2011 жылға дейін 11 оқушы – «Алтын белгімен», 111 оқушы – «Ерекше аттестатпен» марапатталған.

«Алтын медаль» иегерлері:

1.Әсібаева Жазира(1991-92ж.ж.)

2.Меңдіғазина Ақерке (1991-92ж.ж.)

«Күміс медаль» иегерлері:

1.Ұзақова Бибігүл (1991-92ж.ж.)

2.Шәлекова Кәмшат (1991-92ж.ж.)

«Алтын белгі» иегерлері:

1.Ергөбек Шыңғыс(1997-98ж.ж.)

2.Ергөбек Димаш (1997-98ж.ж.)

3.Мұхтаров Тимур (1998-99ж.ж.)

4.Парменқұлова Индира (1998-99ж.ж.)

5.Хұсайынов Елнар (1999-2000ж.ж.)

6.Рақымбай Руслан (1999-2000ж.ж.)

7.Сейіт Асқар (1999-2000ж.ж.)

8.Сатыпалдиева Әсел (1999-2000ж.ж.)

9.Игембаев Алмат (1999-2000ж.ж.)

10.Баймаханова Гүлнар (2000-2001ж.ж.)

11.Досмұхамбетова Ғалия (2000-2001ж.ж.)


Тек 2000-2001 оқу жылының өзінде аудандық олимпиадаға 54 оқушы, қалалық олимпиадаға 13 оқушы, республикалық олимпиадаға 6 оқушы қатысты. Қалалық олимпиададан жүлделі орынға ие болған оқушылар мыналар: қазақ тілі пәнінен 11-сынып оқушысы Баймаханова Гүлнар - І орын, Уаисова Ботагөз - ІІІ орын, 9-сынып оқушылары Раева Перизат - І орын, Мұстафаев Шоқан - І орын алды. Орыс тілінен 11 сынып оқушылары Юсупов Ержан - ІІ орын, Сәдібаева Әйнеріс - І орын, 10 сынып оқушысы Құрманова Индира - І орын, 9-сынып оқушысы Сәрсенбаева Гүлмира І орынды иеленді. Ағылшын тілі пәнінен 10 сынып оқушысы Оразбаева Жамал - ІІІ орын, 11 сынып оқушысы Мұратова Алтынай - І орын алды. География пәнінен 11 сынып оқушысы Досмұхамбетова Ғалия - І орын алса, 11-сынып оқушысы Смайылов Тимур - ІІІ орынды иеленді. Биология пәнінен 11-сынып оқушысы Смайылова Салтанат - І орын алды.

Осы жоғарыда аталған қалалық олимпиадада І орын алған 10-11 сынып оқушылары республикалық олимпиадаға қатысты. Республикалық олимпиадада 11- сынып оқушысы Баймаханова Гүлнар қазақ тілінен - ІІ орын (мұғалімі А.Аққұлова), география пәнінен 11-сынып оқушысы Досмұхамбетова Ғалия - ІІІ орын (мұғалімі С. Көбенқұлова), орыс тілінен 10-сынып оқушысы Құрманова Индир І жүлделі орынға (мұғалімі Г.З. Татибекова) ие болды. Орыс тілі пәнінен Республикалық олимпиадада терең білім көрсетіп «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» болып топ жарған Құрманова Индира халықаралық олимпиадаға жолдама алған еді. Москва қаласында өткен халықаралық олимпиадада Құрманова Индира тағы да І орын алып, мектептің ғана емес. бүкіл Қазақстан абыройын асқақтатып келді.

Сонымен қатар оқушылар Алматы қаласында өткен ғылыми жобалар жарысына қатысып, үлкен жетістікке жетті. Ғылыми жобалар сайысына қатысқан 14 оқушының 12-сі жүлделі орынға ие болды, 2 оқушы мақтау қағазымен марапатталды. Атап айтатын болсақ: әдебиет саласынан Баймаханова Гүлнар, археология саласынан Уаисова Ботагөз, химия саласынан Әбілдина Дана, мәдениет саласынан Жәнібекова Әсел, тарих саласынан Құсайынов Ақылбек сияқты оқушылар жоғарыда аталған ғылыми жобалар сайысында І орын алды. Аталған оқушылардың ішінен Құсайынов Ақылбек, Әбілдина Дана ғылыми конференцияда жүлделі орындарға ие болды.

Жаңа мыңжылдықтың екінші жылында наурыздың 24-30-ы аралығында Орал қаласында өткен жалпы білім беретін пәндердің 14 түрі бойынша мектеп оқушыларының республикалық олимпиадасының қорытындысында бүкіл еліміздің мектептері арасында Алматы қаласы мектептерінің өкілдері І орынды жеңіп алса, оның ішінде Ы. Алтынсарин атындағы №159 гимназиядан 7 оқушы қатысып, бесеуі жүлделі 1, 2, 3-орындар тұғырынан көрінді.

«Дәнекер» институтында «Қазақстан – 10 жыл, әлемдік аренада» тақырыбында ұйымдастырылған білім сайысына қатысқан М. Тұрсынханова (11г), А.Мұратова (11ә), Ә.Байжасарова (11а), Ж. Оразбекова (10 а) сынды оқушылар І орынды иеленіп, жеңіс тұғырына көтерілді. Бұл орайда ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері (Қ. Қуатбекова, К. Тұрсынбаева, Г. Ерденбекова) мен тарих пәнінің мұғалімдерінің (Б. Адырбек, Ә. Көпекбай) еңбектерін ерекше атап өткен жөн.

Аудандық, қалалық командалық дебат сайыстарында ерекше белсенділікпен көрінген гимназия оқушылары «Пікірсайыс орталығының» дипломдарымен үш дүркін марапатталды. Ал «ХХІ ғасыр озаты» телебайқауында Е. Юсупов пен А. Сәдібаева дүние танымының кеңдігімен өз құрбыластарының алдына шығып, жеңімпаздар атанды. Аудандық байқаудан бастап сатылық тәртіпте халықаралық деңгейге дейін өтілетін сурет көрмесіне №159 гимназия оқушылары да қатысып, жүлделі орындарға ие болды. «Алматы – гүл қала» сурет көрмесінде Дәуренбекова Салтанат (10 б), Көшекбаева Мадина (10 б), Жәркебаев Рауанбек (4 г), Мұхтаров Алтаир (5 а) сияқты оқушылар өз өнерлерімен ерекше көзге түсті.

Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 мектеп базасында құрылған ұл балалардың «Ер Төстік» хоры Қымбат Үсенқызының жетекшілігімен 1992 жылдан бастап өнер көрсетіп, даңқы әлемге әйгілі болды. «Ер Төстік» хорына 7 жастан 16 жасқа дейін 40 ұл балалар қатысты. Олар 15 әлем тілінде өлең айтты, репертуарларында «Құран сүресі», Абай өлеңдері, қазақ, француз, орыс, араб тілдеріндегі хорға арналған шығармалар бар еді. «Санта Лучия» әнін италия тілінде, «Аве Мария» романсын ағылшын тілінде, М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсынан үзінділерді қазақ тілінде орындады. Сонымен қатар хор ұжымының репертуарына классикадан Шуберт, Верди, Бизе, Каччини, Моцарт т.б. шығармалары енді. Хордың бір ерекшелігі – шығарма қай тілде жазылған болса, оны сол тілде орындады. 1996 жылы «Ер Төстік» хоры «Айналайын» атты балалар фестиваліне қатысты, ал 1999 жылы Германияда өткен классикалық музыка бойынша Екінші европалық фестивалінен табысты оралды. Өнерлі ұландар тобы Австрияда өткен «Хор олимпиасы-2000» байқауының жеңімпазы болып, қола медаль алса, 2001 жылы Германия, Италия елдеріне барып өнер көрсетіп, жоғары жетістікке жетіп қайтты. Бұл хордың көркемдік жетекшісі Қымбат Нұралиеваның атқарған еңбегі ерекше. «Ер Төстік» хоры жеткен әрбір жетістіктері мен алған алғыстарында гимназия шәкірттерінің халқымыздың мәдениетін насихаттайтын жолы жатыр.

Елімізде 1996 жылдан бастап алғаш рет жаңа буын оқу бағдармаларын, оқулықтарын, оқу-әдістемелік кешендерін жасау ісі басталды. Олар жас егемен мемлекетіміздің тарихына, мәдениетіне, тілдер саясатына, әлеуметтік-экономикалық болмысына бұрынғы кеңестік идеологиядан азат көзқараста және жаңа қазақстандық қоғамға тән ақиқатты көрсетіп, мектептік білім беру саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкес жазылуы тиіс болды. Біздің мектеп бітірушілеріміздің ғылым негіздерін меңгерумен біртұтастықта өз республикасын біліп, туған елін сүйетін, өз мүмкіндіктерін шынайы бағалай алатын болуын қамтамасыз ететін оқулық керек еді. Бұл тенденциялар өз бастауын Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясынан (1995 жыл), «Білім туралы» Заңнан (1993 ж., 1999 ж.,2007 ж.), «Қазақстан Республикасында гуманитарлық білім беру» тұжырымдамасынан (1995ж), 2003 жылы жарияланған «Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасынан», 2000 жылғы және 2005 жылғы Қазақстан Республикасында білім беруді дамыту туралы мемлекеттік бағдарламаларынан, 1995 жылғы «Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектебінің базалық оқу жоспарынан», 1998 жылғы жалпы орта білім беру стандарттарынан және ҚР Үкіметінің 1996 жылғы 26 қыркүйегіндегі №1773 «Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептері үшін оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер дайындау және бастырудың мақсатты бағдарламасы» атты қаулысынан алды. Бұлардағы айқын белгіленген білім сапасын арттыру тетіктері мен формаларын жетілдіру міндеттерін шешу барысында оқу пәндерінің білім мазмұнын жаңарту, оны ұлттық мазмұнда жазу, тиісті әдістемелік құралдар жасау сияқты жұмыстарға педагог-ғалымдармен бірге тәжірибелі әдіскер мұғалімдер де тартылды.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен бекітіліп, Қазақ білім Академиясының басшылығымен жаңа буын оқулықтарын сынақтан өткізетін жетпіс тірек мектептің бірі болып 2000 жылы белгіленген Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 гимназияның шығармашыл ұстаздары бұл іске белсенді қатысты. Олар жаңа буын бағдарламалары бойынша жазылған жаңа буын оқулықтары мен олардың әдістемелік кешендерін алғашқы байқаудан өткізіп, эксперименттік сатыда тиісті ескертпелер, ұсыныстар, қорытындылар жасап, өміршеңдік сапасын анықтауға үлес қосты. Сонымен қатар №159 гимназияның шығармашылықпен айналысатын мұғалімдері бағдарламалар, оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер бойынша авторлық ұжымдарға еніп, оларды дайындап жазып, авторлық құқықтарға ие болды. Атап айтсақ: Г.Әріпова «Ана тілі» оқулығының хрестоматиясы, «Мазмұндамалар жинағы», Г.Үржігітова «Мектепке дейінгі балаларға тіл үйрету әдістемелік құралы», Н.Мырқасымова «Бастауыш сыныптарға арналған математикалық таблицалар», Қ.Нұрлыбекова, С.Айнабекова «7-сыныпқа арналған қазақ тілінің дидактикалық құралы», А.Аққұлова «6-сыныпқа арналған әдістемелік құрал», С.Сәйдикеева, К.Қуатбекова, Қ.Тұрсынбаева «Ағылшын тілінің бағдарламасы», А.Т.Миразова «7-сыныпқа арналған геометрия» оқулығы, «Дидактикалық құралы», С.Көбенқұлова тест сұрақтары, диафильм, «География пәнінің әдістемелік құралдары», Ә.Көпекпай «Тарих пәнінің әдістемелік құралы» (5-сынып) және «Қазақстан тарихынан тест сұрақтары» (6-11 сыныптар); Б.Адырбек «Ежелгі Қазақстан тарихы» оқулығы мен «Әдістемелік құралы» (5-сынып), «Қазақстан тарихынан тест сұрақтары» (6-11 сыныптар үшін), «Қазақ елінің қысқаша тарихы» оқулығы, құқық пәнінің мұғалімі Г.Асанбекова «Адам. Қоғам. Құқық» оқулығы, осы құралға «Әдістемелік жинақ» хрестоматиясы (9-сынып), «Құқық негіздері» пәнінің (9-11 сыныптар үшін) бағдарламасы, «Баршаға арналған адам құқығы» (оқу құралы, 7-сынып), «Демократия баршаға» (оқу құралы 8-сынып), «Права человека для всех» (оқу құралы 7-сынып) т.б. оқу-әдістемелік кешендер жазылып, олар жарық көрді.

Гимназия ұстаздары пәндік олимпиадаларға оқушыларды дайындау, оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының жобалары бойынша ізденістерін ұйымдастыруды, оларды жүйелі түрде жүргізуді дәстүрге айналдырып, едәуір тәжірибе жинақтады. Оқушыларын жеке пәндерден олимпиадаларға, ғылыми жобалар сайыстары мен конференцияларға дайындауда биология пәнінің мұғалімі Сұлужан Жолымбетова, қазақ тілі пәнінің мұғалімдері Қалима Нұрлыбекова, Айнагүл Аққұлова, география пәнінің мұғалімі Саят Көбенқұлова, орыс тілі пәнінің мұғалімі Гүлнар Татибекова, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Кәкиза Қуатбекова т.б. өз әріптестеріне үлгі болды.

Аудандық «Үздік сынып жетекшісі – 2001» байқауына қатысып, жүлделі орынды иеленген Мырқасымова Нұргүл жетістігі ұжым мүшелерінің тағы бір биігі ретінде бағаланды.

Әлем елдерімен тығыз қарым-қатынас, нарықтық бәсекелестік жағдайында өмір сүріп, жұмыс істей білетін, ұлттық мәдениетті жете меңгерген, интеллектуалдық өресі жоғары, өзін-өзі үнемі дамыта алатын, белсенді, қабілетті, ізденгіш азаматтар болу үшін қажетті негіздерді оқушылар бойында қалыптастыруды басты мақсат етіп ұстанған ұжым мүшелері табыстан-табысқа ұмтылды. Алғашқы он жылдықтағы ізденістер мен жетістіктерден іргетасы қаланған гимназиядағы оқу-тәрбие ісі жаңа биіктерге өрлеп, өзінің мәртебесіне лайық мектеп бейнесін байыта түсті.

Гимназияның өзінен шығып тұратын «Жас өркен» атты баспа газеті оқу мен тәрбие үрдісінде қалыптасқан оқушылардың шығармашылық дағдыларын одан әрі дамытудың тағы бір көзіне айналды. Бұл мектеп газеті қазақстандық қоғамда болып жатқан өркениеттік өзгерістердің, демократияландырудың, ізгілендірудің т.б. ілгерілеулердің мән-жайын оқушыларға түсіндіріп, патриоттық рухты насихаттап, нақты тарихи- қоғамдық материалдар арқылы жеткізіп отырды. Осы идеяның аясында әр баланың еркін дамуын, белсенді шығармашылықпен жұмыс істей алу мүмкіндігін арттырып ат салысты. Мектеп бітірген баланың өмірде кездесетін сан-алуан қиындықтардан қиналмай өтуі оның білім сапасының, тәрбиелілігінің, ақылының, ерік-жігерінің, сезімінің, мінез мәдениетінің және этикалық-эстетикалық, экологиялық көзқарас, дене т.б.с.с. жалпы дамуының деңгейіне байланысты. Бұл орайда «Жас өркен» газеті гимназия шәкірттерін осы бағыттарда баулуды, сол сапа-қасиеттерді балалардың бойында ұлттық рухта қалыптастыруды мақсат етіп, гимназияның оқу-тәрбие үрдісімен үндестікте шығарылды.

Гимназия шәкірттерінің төл газеті «Жас өркеннің» шағын баспаханасын 1999 жылы 19 қыркүйекте Орталық Азиядағы Фридрих Эберт Қорының демеушілігімен және Еуропалық Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының қолдауымен ФЭ Қорының өкілі Фраймуса Дуве сыйлады. Екі апта бойы Германиядан келген Кристиан Кольб және Рюдегер Ван Хол деген эксперттер оқушыларға баспахананың жұмыс істеу тәртібі туралы дәріс берді. Өздерінің баспагерлік іс-тәжірибелерімен алмасу жүргізген эксперттер №159 гимназия балаларының алғырлығына ризашылықтарын сүйсіне білдірді. Өйткені баспаханамен жұмыс барысының түсіндіру дәрістерінің барлығы тек ағылшын тілінде өткен еді. Газет ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің 2000 жылғы 17 сәуір №1236 бұйрығы бойынша Республикалық «Дәуір» баспасына тіркеліп, заңды түрде бекітілді. Оқушылар өз арасынан редактор, редколлегия мүшелерін, фотокорреспонденттер, корректорлар сайлап, газеттің атын «Жас өркен» деп атады. «Жас өркен» газеті арқылы оқушылардың ой-өрістері кеңейіп, тіл байлықтары дамып, болашақтарына кәсіптік бағдар алды.

«Жас өркен» газетінің сапалы, қызықты, мазмұнды болуына гимназия оқушылары ғана емес, мұғалімдер де, ата-аналар да мақалалар, эсселер, өлеңдер, т.б. жазып, өте жоғары ынтамен ат салысады. Газет (төрт беттік) беттерінде оқушылардың, мұғалімдердің, ата-аналардың т.б. гимназиядағы оқу-тәрбие ісіне қатысты тұлғалардың мақалалары, көркем шығармалары қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көреді. Газеттің редколлегия алқасын мектеп директоры А.Т.Миразова басқарады. Бұл газеттің мәнді шығуында әдебиет пәні мұғалімі Гүлфарам Стамқұлова ерекше еңбек сіңірді. Бүгінде бұл істі гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жансәуле Сабыр ыждаһаттықпен жалғастыруда.

Міне, Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 гимназияның педагогикалық және оқушылар ұжымының осындай ынтымақтастықта ұйымдасқан, мақсатты, нәтижеге бағытталған, жаңашыл, шығармашыл еңбегі мен ізденістері қала және Республика көлемінде жоғары баға алды. Ол 2000-2001 оқу жылы Республикалық «Таңдаулы мектеп» конкурсына қатысу құқын ауданда жеңіп алып, қалалық сайысқа өтті. Қалалық сайыста да жүзден жүйрік болып, бас жүлдеге қол жеткізіп, республикалық байқауға жолдама алды. Алматы қаласынан ұсынылды. Конкурс шарттарына сай гимназияның оқу-тәрбие ісінің құрамы, құрылымы, мазмұны, жетістіктері бойынша 11 томдық тәжірибе жинақталып жазылып, екі табақ видеофильм түсіріліп дайындалды. Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылындағы отандық мектептің даму деңгейі мен дәрежесін көрсететін бұл конкурста Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 гимназия өзінің үздік көрсеткіштерімен Республикадағы «Таңдаулы мектеп» атанып, бас жүлдесін жеңіп алды.

Бұл – мектеп ұжымының Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдық мерейтойы қарсаңында болды. Ұстаздар да, шәкірттер де өздерінің осынау биік табысын Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдық мерейтойына сыйлық тартуымыз деп білді. Гимназияның Республиканың даму үрдісімен бір сапта көрінгенін, оның мектепке қойылатын қоғамдық талаптарды лайықты орындау деңгейінде еңбек етіп отырғанын ата-аналар да зор қуаныш тұтты.

Бұл мемлекеттік жоғары баға гимназиядағы қыруар оқу-тәрбие жұмысында тұлға дамытуға бағдарлануға, өзіндік оқу еңбегін белсенділендіруге, нәтижеге бағытталуға, рухани-адамгершілік баюға, шығармашылық пен жаңашылдыққа одан әрі серпін берді. Оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін өмір талабына сәйкестендіре қолданып, ұлттық сананың, тұлғалық және адамзаттық құндылықтар негіздерін әр оқушы бойында қалыптастыруда гимназия мұғалі

Осы беттің QR-коды:
QR-код этой страницы:

Похожие публикации:

21 февраль 2013 Доска почета