Алматы қаласы Білім басқармасының
«Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназия»
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі:
(8727) 293-90-80
(8727) 293-90-80
Нашар көрушілер
нұсқасы
15
март
2014

Оспанбек Толқын Рысбекқызы

Оспанбек Толқын Рысбекқызы


«Шәкірт жеңісі – ұстаз жемісі»

Мектебің мынау-класың,

Осында он жыл тұрасың.

Тарыдай болып кіресің,

Таудай болып шағысың,

- деп Мұқағали ақын айтпақшы, мектеп – баланың үлкен өмір жолына бағыт беруші, жол сілтеуші, алтын қазына.

Мектеп-ғылым-білім, тәлім-тәрбиенің кәусар бұлағы тұнған білім ұясы. Ол жерден қанаты қатайған, еңселі елдің келешегін ойлар кемел болашақ ұшып шығады.

Міне, осындай ұяның бірі-өзім 11 жыл еңбек етіп келе жатқан білім ордасы - №159 мектеп-гимназиясы. Тарихы ел тарихымен тағдырлас, сапалы білім мен саналы тәрбие беретін гимназия еліміздегі ең беделді деген мектептердің бірі болып есептелінеді. Еліміз Тәуелсіздік алған 1991 жылы өмірге келген біздің №159 гимназиямызды 20 жыл бойы басқарып, тынбай еңбек етіп келе жатқан Миразова Аягүл Төреқызының ерен еңбегі Республика көлемінде еленіп, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болды. Бұл атақ - осы мектепте қызмет ететін ұстаздарға, шәкірттеріміз бен ата-анаға үлкен мәртебе.

Тұғыры биік Тәуелсіздіктің құрдасы, жасампаз өрен еңбек ерліктерінің үлгісі, мәуелі бәйтерек – №159 гимназиямыз туралы үлкен мақтанышпен айта аламын. Егемен елдің ертеңіне елеулі еңбек сіңіріп, болашақ халық қамын ойлаған гимназиямыздан білімді, тәрбиелі, өресі биік, өнерлі ұрпақ ұшып шығуда.

Балаға дұрыс тәрбие беру және өз бетінше білім жинауға деген қызығушылығын арттыруда тынбай еңбек ету – менің осынау білім ордасының табыстарына қосар үлесімде мұғалім ретіндегі басты мақсатым. Заман талаптары өзгереді, ғылым мен білім бір орында тұрмайды. Ұстаз әрдайым шәкіртін өзінше ізденіп оқуға баулу керек. Сонда ғана шәкірт ұстазының өз жүрегіне жақындығын сезіп, пір тұтады, үлгі етіп ұстанады.

Аталған гимназияда еңбек еткен жылдарымда мектеп намысын қорғар, ел абыройын асқақтатар тарлан балалардың өсіп шығуы баршамыздың еңбегіміздің ортақ жемісі деп білемін. Олар – сабақта алғыр, өнерлі, шешен сөйлейтін, ізденімпаз, білімді де тәрбиелі, ойы жүйрік, бір сөзбен айтқанда, интеллектуалды. Мәселен, «тұлпардан тұлпар озар шабысқанда» дегендей, менің шәкірттерім – ел ішіндегі ғана емес, шетелдердегі байқауларда да жеңген балғындар. Өзім 6- сыныптан бастап 11-сыныпқа дейін жетекшілік еткен сыныбымның 2010 жылғы түлектері Букейленова Рысалды мен Ташбулатова Сабина – Чехияда, Шегенов Ризабек пен Бекхожина Анель –Қытайда, Сансызбаева Айдос- Малайзияда, Даулетова Ақбота – АҚШ-та, Бағдатқызы Жанар- Тайландта білім алуда.

Биология пәні бойынша шәкірттерім ҰБТ - ден 100 пайыз білім сапасын көрсетті. 2009-2010 оқу жылындағы «Алтын белгі» иегері болған 5 түлектің 4-еуі мен жетекшілік еткен сыныптан болғанын ерекше мақтанышпен айтамын.

Сыныптан тыс «Нашақорлық – қауіпті дерт», «Табиғатты аялайық» т.б. сынып сағаттары өткізіліп, ұлттық телеарналар арқылы елімізге таратылды. Әрине, ұстаздың еңбегі оқушысы арқылы танылады. Балаларымның жетістігі- менің жетістігім. Өйткені осы сабақтар барысында оқушыларым дарындылығы мен тапқырлығы, талантымен көзге түсіп, мектеп мұғалімдерінің ілтипаты мен шексіз алғысына бөленді. «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады»,– деген дана Абай. Олай болса, мұндай алдында арманы мен мақсаты бар балапандарым барда мен де бақыттымын. Сондықтан да, қараса көз тоймайтын, пәнін сүйіп, мың ойлайтын ұландарымды Мағжан ақын айтпақшы, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті, жігерлі де мықты, сүттей аппақ жастарға балаймын. Бұл менің балаларыма аналық, ұстаздық махаббатым деп білемін.

«Еңбегі көптің, өнбегі көп» дегендей, ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде аудан, қала көлемінде мақтау қағаздарымен марапатталдым. Бұл табыстарым – менің шәкірттерімнің әперген жеңісі. Сондықтан да өзімнің педагогикалық кредомды түйінді шумақпен білдіргім келеді:

Ұстаз деген міндетті

Атқару – асыл арманым,

Елге деген құрметті

Ертеңіме жалғадым.

Осы беттің QR-коды:
QR-код этой страницы: