Алматы қаласы Білім басқармасының
«Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназия»
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі:
(8727) 293-90-80
(8727) 293-90-80
Нашар көрушілер
нұсқасы
15
март
2014

Арипова Гауһар Рауанқызы

 

Арипова Гауһар Рауанқызы



Бастауыш сыныптар мұғалімі Арипова Гауһар Рауанқызы – кәсіби мәдениеті жоғары, ұстаздық өнегені шеберлікпен тыңғылықты меңгерген. Ол нәтижелікке бағдарланған оқытуды шығармашылықпен жүзеге асырады. Сабақты өнер арқылы, қызықтырғыш дидактикалық ойындар, мейірім-шапағат, көркем мінез, жанға жылы қанаттандырғыш сөз арқылы әсерлі жүргізуді берік ұстанатын ұстаз. Гауһар Рауанқызы инновациялық технологияларды оқушының жұмысын белсенділендірудегі тиімділігіне қарай, сабақ мақсатына лайық бейімдеп, саналы қолданады. Оқушыларды шығармашылыққа, өнерді сүюге баули отырып, тұлғаның бойындағы рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруға басты назар аударады. Ол өз сабақтарында оқытудың жеке тұлғаны дамытуға нақты бағдарлануын мұқият жүзеге асырады, жалпы оқытудан әрбірін оқытуға көшуге мүмкіндік беретін қажетті дидактикалық материалдармен мейілінше қамтамасыз етуге күш салады. Баланы өз бетінше мақсат белгілеуге, оны орындауды жоспарлауға, өзін-өзі орындау әрекеттеріне жұмылдыруға, нәтижеге қол жеткізуге, оны бағалап-түзетуге үйретеді. Осындай жаңашылдық ізденістер ұстазға әр баланың білім-тәрбиесінің жоғары сапалылығына қол жеткізуге мүмкіндік беруде. Мысалы, оның шәкірттері «Кенгуру» Халықаралық математикалық ойын сайысында және «Ақ бота» интеллектуалдық марафонында жыл сайын жүлделі орындарға ие болып жүр.

Гауһар Рауанқызы өз тәжірибесімен бөлісуде, әріптестерінің озық тіжірибелерінен үйренуге әрқашан ықылас танытып, әдістемелік жұмыстарға белсенді ат салысады. Ол Алматы қалалық сынып жетекшілерінің ең тұңғыш байқауына қатысып, жүлделі ІІ орынға ие болды. Республика, қала көлемінде өткізген ашық сабақтары қолданған әдіс-тәсілдерінің тиімділігімен, тәрбиелік мәнінің жан-жақтылығымен, ұйымдастыру шеберлігімен жоғары бағаланып жүр. 2006 ж. 21-22 тамызда өткен өзін-өзі тану пәні педагогтарының республикалық тамыз конференциясында «Өзін-өзі тану сабақтарында қолданатын әдістер» тақырыбында баяндама жасап, шығармашылық жұмысын ортаға салып, тәжірибесі таратылды. Аталған тақырыптағы баяндамасы «Өзін-өзі тану» журналында (№4, 2008 ж.) жарияланды.

Гауһар Рауанқызы жаңа буын оқулықтарын жазудағы авторлық ұжымдардың мүшесі болып, көптеген оқу құралдарын дайындады, сондай-ақ оның шығармашылық жұмыстары баспасөз беттерінде жарияланды: 1) «Ана тілі хрестоматиясының» серіктес авторы – (2-сынып, «Атамұра», 1998, 2002, 2009 ж.ж.); 2) «Өзін-өзі тану» оқулығының құрастырушысы («Бөбек» қоры, 2005 ж.); 3) «Өзін-өзі тану» әдістемелік құралының (2004, 2006, 2007, 2009, 2010 ж.ж.) авторларының бірі. 4) «Өзін-өзі тану» жұмыс дәптерінің құрастырушысы (2004, 2005, 2006, 2007, 2009, 2010 ж.ж); 5) «Мазмұндамалар жинағының» серіктес авторы (3-сынып, «Атамұра», 1999 ж.); 6) 2006 жылы «Патриоттық, экологиялық және әдеп тақырыптарындағы тәрбие сағаттар жинағы» кітабында: «Әдептілік – әдемілік» бөлімдерін жазған;

Ғылыми-әдістемелік журналдарда көптеген оқу-әдістемелік мақалалары жарық көрген. «Жыл он екі ай» журналында: «Наурыз – жыл басы», «Әліппемен қоштасу», «Өз тіліңді құрметте», «Өзін-өзі тану» журналында (№1, 2008 ж.): «Біз бақытты баламыз» атты сынып сағаттарының үлгі жоспарлары жарияланды.

«Алматыкітап баспасы» ЖШС-інде 2009-2010 оқу жылында эксперттік топ мүшесі болды.

Арипова Г.Р. – ұстазға керекті білім, біліктілік, өнер, әдеп сияқты асыл қасиеттер иесі ол домбырада, гитарада еркін ойнап, ән салады. Гауһар Рауанқызы шәкірттерінің сүйікті, үлгілі ұстазы, ата-аналар мен әріптестерінің арасында сыйлы, беделді. Шәкірттері өздерінің шығармаларында ертерек өсіп, Сүйікті Гауһар апайларына тезірек ұқсағылары келетінін жазады. Гауһар апайлары сияқты ғажап мұғалім болсақ дейді.

Білім саласында өскелең ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі шығармашылығы мен жемісті еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі» белгісімен, Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің Құрмет грамотасымен; аудандық білім бөлімі басқармасының Құрмет грамоталарымен; 2006 жылы «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және сауықтыру орталығының «Алғыс хатымен» және «Құрмет грамотасымен» марапатталды.

 

Осы беттің QR-коды:
QR-код этой страницы: