Телефоны приемной:
(8723) 57-03-13
+77075327722
Нашар көрушілер
нұсқасы
15
март
2014

Сүйіндікова Ғалия Шырынбекқызы

 

Сүйіндікова Ғалия Шырынбекқызы

Сүйіндікова Ғалия Шырынбекқызы қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болып еңбек етіп келеді. Білім беру жүйесінде шығармашылық еңбектерімен көрініп, оқу-тәрбие саласына өзіндік үлес қосып келе жатқан тәжірибесі өнегелі ұстаз. Ол қазақ тілінің және әдебиетінің эстетикалық-этикалық, көңіл-күй сезімдік құдіретін, танымдық мүмкіндіктерін жас ұрпақ бойына сіңіруге ұстаздық өмірін мейілінше арнаған. Өз пәніне деген оқушыларының қызығушылығын оятуда көркем әдебиет қорын, бай дидактикалық материалдарды, мерзімді баспасөз туындыларын, техникалык-электрондық бағдарламаларды кеңінен пайдаланып, оқытудың белсенді технологияларын тиімді қолданады. Өзінің шығармашылық өмір жолының қымбат сырлары туралы Ғалия Шырынбекқызы былай деп толғанады: «Ұстаз деген ұғымның аясы өте кең әрі терең. Өйткені нағыз ұстаз өз бойындағы мейірім-шуағын, жан жадыратар ыстық ықылас-пейілін, білімі мен біліктілігін алдында отырған шәкірт бойына сіңіртуге күш салады емес пе? Сол шәкірті өмірден өз орнын тауып, елінің адал азаматы атанса, ұстаз көңілі көкте шарықтайды ғой. Ана тілінің құдіреті мен қасиетін, ондағы адами құндылықтарды шәкірттерімнің бойына дарытып, санасына сіңіруге тырыстым. Еңбегім босқа кетпеді деп ойлаймын. Себебі шәкірттерімнің қай-қайсы да парасатты, үлгілі, кішіпейіл, қоғамдық жұмысқа даяр тұратын елгезек және білімді азамат болып өсті.

 

Ергөбеков Шыңғыс, Ергөбеков Димаш, Мұқашев Мақсат, Сартаева Назым, Әшімова Айтолқын сияқты шәкірттерім «Алтын белгімен», жиырмадан астам оқушыларым «Ерекше үлгідегі» аттестатпен мектеп бітірді. Оқушыларымның ішінде олимпиадалардың, Абай оқуының, Шәкәрім оқуының, Мұқағали оқуының, атаулы күндерге байланысты өтетін шығармалар байқауларының жүлдегерлері көптеп саналады. Жаңбырбаева Тахмина, Бірімжанов Марат, Аббасова Толқын, Қыжырова Ұлпан пәндік олимпиададан, түрлі тақырыптардағы шығармалар байқауынан Республика көлемінде жүлделі орындарға ие болды. Өз сыныбымның оқушысы Сүйіндіков Нұрбол осы гимназияда мектеп президенті болып, өзінің ұйымдастырушылық қабілетін танытты. Ол 2008 жылы Астанада өткен Халықаралық жастар форумына қатысып, «Бәсекеге қабілетті 50 мектеп» байқауында жеңіс тұғырынан көрінген сүйікті мектебінің биік мәртебесін өз бойындағы өнер-білімімен дәлелдей алды. Нұрбол мектеп бітіру кешінде өзін оқытқан ұстаздарына арнайы ризашылығын білдіріп, мектеп директоры Аягүл Төреқызына: «Аягүл апай, сіз қашан да бізге қамқор болдыңыз, жаманымызды жөндеп, жақсымызды жетілдірдіңіз. Жеткен жетістігімізге бізбен бірге қуандыңыз. Мектебіміздің еліміз бойынша ең үздік танылуы – сіздің дұрыс бағыт беруіңіздің жемісі», -деп жүрек жарды сөзін айта келіп, содан соң маған қарап: «Менің әрі туған әжем, әрі ұстазым, әрі тәрбие беруші сынып жетекшіміз – ақылшым болдыңыз», - деді. Сірә, ұстаз бақыты деген осы шығар!»

Сүйіндікова Ғалия Шырынбекқызы – озық тәжірибелі сынып жетекшісі. Сыныбындағы оқушыларды отансүйгіштікке, елжандылыққа, халқының әдет-ғұрпын, салтын, ұлттық құндылықтарын бағалай білуге тәрбиелеп келеді. Қала көлемінде «Адам сұлулығы неде?» атты тақырыпта ашық тәрбие сағатын көрсетіп, әріптестерінің жоғары пікіріне ие болды. Осы тәрбие сағаты 2008 жылы «Тәрбие сағаты/ классный час» журналының №2 санында көлемді мақала болып жарияланды. Сынып оқушылары әрқашан да мектептің қоғамдық жұмыстарына белсене араласады. Шәкірттері Нұрлан Ернар, Латифов Қуаныш, Ильясова Әдиналар – мектептегі «Азамат» ұйымының белсенді мүшелері.

Ғалия Шырынбекқызы шәкірттеріне сапалы білім берумен бірге, шығармашылық-әдістемелік еңбектер де жазады. Ол – 10 сыныптарға арналған қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы «Қазақ әдебиеті. Дидактикалық материалдар» оқу құралының авторларының бірі.

Ұстаздың ұзақ жылдардағы қалтқысыз еңбегі еленбей қалған жоқ. Оның марапаттары қатарында «Еңбек ардагері» төс белгісі, «Қазақстан білім беру ісінің үздігі», ҚР Білім министрлігінің «Құрмет грамотасы», Астана қаласының 10 жылдығына орай мектеп оқушылары арасында өткізілген республикалық шығармалар конкурсының жүлдегерін даярлағаны үшін ҚР Білім және ғылым министрінің «Алғыс хаты», Алматы қалалық білім беру басқармасының «Құрмет грамотасы» бар. Сондай-ақ Ғалия Шырынбекқызы жас ұрпаққа өнегелі тәрбие беру ісінде сіңірген еңбегі үшін бірнеше дүркін аудан әкімінің және аудандық білім бөлімінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Алматы қаласы білім беру жүйесі мамандарының біліктілігін көтеру және қайта даярлау институтының алғыс хатына да ие болды.