Телефоны приемной:
(8723) 57-03-13
+77075327722
Нашар көрушілер
нұсқасы
15
март
2014

Хамиева Тамара Хабиболлақызы

 

Хамиева Тамара Хабиболлақызы

Хамиева Тамара Хабиболлақызы – Ы.Алтынсарин атындағы гимназияда 1993 жылдан бері қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметін атқарып келеді. Мұғалімдік – кәсіп болса, ұстаздық – қасиет дегендей, ол жақсылық атаулыны түсіну, сезіну және өзі де жақсылық жасауға ақ тілеу болу сияқты құндылықтар иесі.

Тамара Хабиболлақызы – көркем сөз өнеріне жетіктігімен, терең білімімен, шәкірттерінің жүрегіне өз бойындағы өнерпаздығы арқылы жол таба білу шеберлігімен ерекшеленеді. Өзіне бекітіліп берілген қазіргі талапқа сай жабдықталған мультимедиялық оқу кабинетін сабақтағы оқушы белсенділігінің сапасын арттыруда тиімді пайдаланады. Дидактикалық материалдарын оқу-тақырыптық және көркем-эстетикалық тұрғыдан талғампаздықпен толық жүйеге келтіріп, оларды толықтырып, оқу әрекетін ұйымдастыруда іске қосып отырады. Компьютерді жоғары деңгейде меңгерген, интерактивті тақтамен жұмыс жүргізеді, электрондық-техникалық құралдарды пайдаланады.

Өз пәні бойынша 2007 жылы «Білімді дамытудың жаңа бағдарламасы» атты республикалық семинарда, «Тіл мәдениеті» қолданбалы курсы бойынша 2008 жылы халықаралық семинарда үлгі сабақтар берді.

 

Ұстаз өз шәкірттерін шығармашылық ізденістерге баулып, баптап, үкілеп өсіріп отырады. 2001 жылы 10-сынып оқушысы Құлмағамбетова Жанар қазақ тілі мен әдебиетінен Республикалық олимпиадада І орын алды. 2004 жылы 11-сынып оқушысы Мағлұмов Ернат Кеңес Одағының батыры М.Мәметованың 80 жылдығына орай жарияланған қалалық шығармалар жарысында І орынды жеңіп алды.

2004 жылы Бүкіләлемдік пошта Одағы мен Қазақстан Білім және ғылым министрлігі бірлесіп жариялаған бәйгеде 8-сынып оқушысы Тұтқышбаев Қайырханның «Қайыршылық та қоғамдық дерт» атты шығармасы І орынды жеңіп алды. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 60 жылдығына арналған Республикалық шығармалар конкурсында Тұтқышбаев Қайырханның «Мен де сендей жас едім-ау бір кезде» атты шығармасы Республикада бас бәйгені жеңіп алды. 2005-2006 оқу жылында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен өткен Республикалық ғылыми жобалар жарысында 11-сынып оқушысы Қосымова Зеріп ІV орын, ал 2006-2007 оқу жылында өткен Республикалық ғылыми жобалар жарысында 10-сынып оқушысы Байжанова Лаура ІІІ орын жеңімпаздары атанды. 2008-2009 оқу жылында 10 сынып оқушысы Боздақова Айнаның «Төле би кесенесі мен бәйтерегі» атты баяндамасы Кіші ғылым академиясы өткізген Республикалық ғылыми жобалар жарысында бас бәйгені жеңіп алды. 2009-2010 оқу жылында қалалық ғылыми жобалар жарысында Боздақова Айнаның «Сүйектер сөйлейді» атты этномәдениет саласында қорғаған ғылыми жұмысы 1- орынды иеленді. Ыдырыс Қаракөз – «Абай, Мұқағали, Бауыржан оқуларының» аудандық, қалалық байқауларының жеңімпазы.

Хамиева Тамара Хабиболлақызы – қаламы ұшталған, баспасөз беттерінен педагогикалық, этнопедагогикалық өзекті мәселелер бойынша жастарды ізгілікке үндеп, өз көзқарасын білдіріп жүрген ұстаз. Газет беттерінде «Жемісті де жеңісті істеріміз жалғаса берсін», «Ырымдар мен тыйымдар», «Көркем әдебиет және біз», «Жаныңда жүр жақсы адам» т.б. мақалалары көпшілік ойынан шығып, өз бағасын алып жүр.

Өзін биік белестерден көрсете білген Хамиева Тамара Хабиболлақызы – тәрбиеде де бала жанының бағбаны. Сыныптан тыс атқарған жұмыстарында оқушының жеке тұлғасын жан-жақты дамытуды көздейді, рухани-адамгершілікке, салауатты өмір сүруге, ұлттық салт-дәстүрлерді үйренуге, елжандылыққа, Отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа, қоршаған ортаны аялауға тәрбиелейді. Ұлы жеңістің 60 жылдығына орай «Ер есімі – ел есінде», Алматы қаласының мерейтойына арналған «Алматы – тәуелсіздік бесігі» тақырыптарында қала ұстаздары қатысуымен ашық тәрбие сағаттарын өткізді. Республикалық семинарда «Тәуелсіздік – мақтаным, нұрландырар бақ-шамы» атты тәрбие сағатын сәтті қорғады. Сонымен қатар, түрлі тақырыптарға өткізген мектепішілік үлгі тәрбие сағаттары да оқушының жан дүниесін қозғаған әсерлілігімен ерекшеленеді.

Осындай жан-жақты қамтылған тәрбиенің нәтижесінде оқушыларының бойларынан өнерге, спортқа, мәдениетке деген бейімділіктері, сүйіспеншіліктері байқалады. Оқушылары аудандық, қалалық, республикалық, халықаралық байқауларда, сайыстарда, мерекелік шараларда, фестивальдарда, теледидарлық байқауларда биік тұғырлардан көрінуде: оқу мен тәртіпті қатар алып келе жатқан сыныпта «сегіз қырлы, бір сырлы» оқушылар өсуде:

Мұсатаева Сабина Румынияда өткен ән байқауының лауреаты, кішкентай көрермендерге арналған теледидар бағдарламаларында өзіндік ойы бар, сахналық жүргізуші, оқу озаты;

Нұрпейісов Ғанибек – сабақты жақсы оқумен қатар, талай аудандық, қалалық, Республикалық «Ақ көгершін» ән байқауының лауреаты, Біржан салға арналған көркем фильмде Біржанның бала бейнесін сомдаған дарынды оқушы;

Кисмельев Дамир – Кореяда өткен таэквондо жарысында қола жүлдегер;

Өтеген Хақназар – 2010 жылы ұлы сазгер, күйші Н.Тілендиевтің 85 жылдығына арналған Алматы қалалық «Атадан мұра» әншілер мен күйшілер байқауының ІІ дәрежелі дипломымен, 2010 жылы «Жүректен шыққан сазды әуен» музыка және көркемөнер фестивалінің аудандық байқауының І дәрежелі дипломымен, 2011 жылы Қазақ радиосының 90 жылдығына орай өткізілген қалалық, «Көш керуен» атты әншілер мен күйшілер байқауының І дәрежелі дипломымен, ІІІ Алматы қалалық «Көктем мерекесі» ән-күй және би байқауының бас жүлдесімен марапатталған. 2011 жылы қалалық «Жігіт сұлтаны – Көктем аруы» байқауында бас жүлдені иеленген. «Әнші болғым келеді» телевизиялық байқауының лауреаты;

Меңдібаева Гауһар – 2011 жылы өткен «Жігіт сұлтаны – Көктем аруы» аудандық байқаудың бас жүлдегері.

Ұстаз мектептегі «Нұр» көңілді тапқырлар клубының жетекшісі. Өзі жетекшілік еткен оқушылар пікірсайыс клубының мүшелері жоғарғы лигадан көрініп, талай рет жеңімпаз атанды.

Тамара Хабиболлақызы тәрбие саласында педагогикалық-әдістемелік ғылыми жобамен жұмыс істеп, оны гимназия ұжымында, аудандық, қалалық, республикалық конкурстарда қорғады:

2008 жылғы «Қыз – елдің көркі» бағдарламасы бойынша өткен қалалық «Сынып жетекшілер» байқауының бас жүлдегері атанды.

2008 жылғы «Үздік сынып жетекшісі» Республикалық байқауында ІІІ орынды алып, «Креативті тәрбиеші» атағына ие болды.

Алматы қалалық Білім басқармасының дәстүрлі «Қыз өссе – елдің көркі» байқауының жеңімпазы.

Тамара Хабиболлақызы – ата-аналарының, оқушыларының, әріптестерінің арасында қадір-қасиеті жоғары ұстаз. «Ы. Алтынсарин» төсбелгісінің иегері.