Телефоны приемной:
(8723) 57-03-13
+77075327722
Нашар көрушілер
нұсқасы
15
март
2014

Көбенқұлова Саят Бахриденқызы


Көбенқұлова Саят Бахриденқызы


Эссе: «Мектебім – өмірім, мақтанышым!»

Гимназияның география пәнінің мұғалімі, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин атындағы медальдің иегері Көбенқұлова Саят Бахриденқызы өзі еңбек етіп жүрген мектебі туралы ризашылық сезімін үлкен тебіреніспен айтып, жақсы үлгі таратуды өзіне парыз санайды. Ұстаз былай деп тебіренеді:

«Ақырын жүріп анық бас,

Еңбегің кетпес далаға.

Ұстаздық еткен жалықпас

Үйретуден балаға, 

деп ұлы Абай айтқандай, ұстаз деген абыройлы атаққа ие болғаныма биыл 39 жыл болса, еңбек етіп жүрген мектебіме 20 жыл толды. №159 гимназияда оқу кабинеттері қазіргі заман талабына сай озық үлгімен жабдықталған. Мультимедиялық, лингафондық және компьютерлік кабинеттермен бірге интербелсенді тақталар және аудио-бейнелік техникалар жеткілікті. Осы 20 жыл ішінде мектеп Алматы қаласында ғана емес, республика бойынша маңдай алды мектепке айналды. Әрине, мектептің атақ даңқын шығаратын мектеп басшысы директор болса, бұл – басшымыз А.Т.Миразованың өлшеусіз еңбегі. А.Төреқызының табиғатынан берілген іскерлігі, еңбекқорлығы педагогикалық ұжымға қанат бітіріп, табыстарға жетелеумен келеді. Ол әрбір шәкірт тұлғасының дамуына, әрбір ұстаздың шығармашылық өсуіне жағдай жасап, көңіл бөледі. Осының бір айғағы – 36 мұғалім жаңа буын оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендердің, бағдарламалардың авторлары. Өзімнің де осы қатарда көріне алғаныма ризамын».

Осынау ұлағатты ұжымның мүшесі Көбенқұлова Саят Бахриденқызы – география пәні мұғалімі ретінде терең теориялық білімін практикамен ғылыми негізде ұштастыра білетін тәжірибелі ұстаз. Оның сабақтары нақты тұлғаға бағыттылығымен ерекшеленеді. Ол оқытудың белсенді технологияларын жоғары талғаммен қолданып, оқушы білімінің сапалы нәтижеде болуына қол жеткізеді.

Саят Бахриденқызының шығармашылық ізденіс-зерттеу тақырыбы: «География пәні бойынша дидактикалық құралдарды сабақта түрлендіре пайдаланудың әдіс-тәсілдері».

Ұстьаз өз зерттеуінде алдына төмендегідей нәтижелерге жетуге мақсат-міндеттер белгілеген:

1.Оқытудың жаңа технологиялық әдістерін пайдалану;

2.Оқушыларды өз бетінше білім алуға бағыттау;

3.Дүниетанымдық көзқарастарын қалыптастыру;

4.Танымдық белсенділіктерін арттыру;

5.Ойын еркін айта білуге, сөйлеу мәдениетін дамытуға, ой-пікірін ортаға салуға дағдыландыру;

6.Шығармашылық және кәсіптік қабілеттерін өз бетінше үздіксіз дамыту;

7.Жеке тұлғаның бәсекелік қабілетін арттыру.

Түпкі нәтиже: Өз бетімен еңбектене отырып, білім көздерімен жұмыс істеуге дағдыландырады, оқушылардың жеке тұлғасын, танымдық іс-әрекетін, іскерлігін қалыптастырады. Оқушылардың бірігіп жұмыс істеу қабілетін арттырады, оқушылар мамандық таңдауға бағыт-бағдар алады.

Саят Бахриденқызы өз іс-тәжірибесін аудан, қала, республика көлемінде ашық сабақтар беріп, кеңінен таратып келеді. Қала көлемінде шығармашылық есеп өткізіп, әріптестері мен қалалық білім жетілдіру институтының әдіскерлерінің тарапынан үлкен қолдау тапты. Оның оқу кабинеті қазіргі талапқа сай, сабақта және сабақтан тыс уақытта оқушы танымын, білімін арттыратын көрнекіліктермен жабдықталған.

Саят Бахриденқызының шәкірттері білім берудегі іскерлігін шәкірттерінің білім сайысында қалалық, республикалық олимпиадалардың жүлдегерлері болуы дәлелдейді. 1995-2011 оқу жылдары аралығында қалалық олимпиадада география пәні бойынша 30 оқушы 1-2 орынды иеленсе, географиядан республикалық олимпиадада Парманқұлова Индира 2-орын, Досмұхамбетова Ғалия республикалық олимпиадада 2-орынды иеленді. Сейдуманова Сания ғылыми жоба жарысында 3-орын алса, Ағабаева Айзада 2-орын иеленді.

Мектеп бітірушілердің география пәні бойынша ҰБТ нәтижесінде сапа көрсеткіші 100 пайыз болды, бұдан оқушылардың география пәнінен білімінің жоғары екенін көруге болады.

Саят Бахриденқызы –жаңа буын оқу-әдістемелік кешендер жазуға өзіндік үлес қосып жүрген педагог авторлардың бірі. Оған төмендегі еңбектері дәлел:

1.Қазақстанның топырақ түрлеріне арналған слайд фильм.

2.Географиядан жоғары оқу орнына түсуші талапкерлер мен олимпиадаға қатысушыларға арналған сұрақтар мен қызықты жаттығулар.

3.География пәнінен 6-11- сыныптарға арналған күнтізбе.

4.7-сыныпқа арналған Материктер мен мұхиттар географиясының әдістемесі.

5.7-сыныпқа арналған Материктер мен мұхиттар географиясының жұмыс дәптері.

6.Географиядан жоғары оқу орнына түсушілерге арналған тест (Дүниежүзінің экономикалық және әлеуметтік географиясына арналған оқу-әдістемелік құрал).

7.«Дүние жүзіне шолу. ТМД географиясы» бойынша дидактикалық көмекші құрал және әдістеме.

8.8-сыныпқа арналған Қазақстан физикалық географиясының әдістемесі.

Саят Бахриденқызы «География және табиғат», «Егеменді Қазақстан», «Қазақстан мұғалімі» т.б. баспасөз басылымдарында шыққан мақалалары әріптестерінің тарапынан қызығушылық табуда. Ой-өрісі терең, оралымы мол тәжірибелі ұстаздың жас ұрпақты ұлттық патриозимге тәрбиелеуде сіңірген еңбегі айтарлықтай. Оның республикалық теледидар арқылы «Ата-баба аңсаған азаттықты, іске асырған ұрпақпыз, біз бақытты!» атты жүргізген хабарының тәрбиелік мәні зор болып, көпшіліктің ойынан шықты. Ол өзінің ғылыми негізделген шығармашылығын, оқушылардың ойлау қабілеттері мен танымдық белсенділіктерін қалыптастырудағы әдіс-тәсілдері жайлы «Қазақ мектебіндегі оқу-тәрбие деңгейін көтеру проблемалары» атты ғылыми-практикалық конференцияда, «Гуманитарлық білімді жаңғырту» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда, Алматы және Алматы облысының экологиялық және рекреациялық проблемалары туралы республикалық ғылыми-практикалық конференцияда баяндама жасады. Үш баяндама да жоғары бағаланды және баспа бетінде жарық көрді. Ұстаздың сыныптан тыс жүргізген жұмыстары оқушыны жеке тұлға ретінде рухани-адамгершілікке, салауатты үйренуге, елжандылыққа, отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа, қоршаған ортаны аялауға тәрбиелеу мақсатында жүргізіліп, жоғары бағаланды.

«Егемен Қазақстан» газетінде «Он екі жылдық салыстырмалы көзқарас» деген тақырыпта педагогика ғылымының докторы, профессор А.Құсайынов баяндамасына практикалық қолданыс ретінде соңынан С.Б.Көбенқұлованың ашық сабағы жарияланды.

Мектепте шығатын «Жас өркен» баспа газетінде С.Көбенқұлованың іс-тәжірибесі, оқу әдістемесі, оқушыларының жетістігі жазылды.

Саят Бахриденқызы – оқушыларының, ата-аналарының және әріптестерінің арасында беделді ұстаз.

Марапаттары: «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі»

Төсбелгісі (1994 жыл), «Ыбырай Алтынсарин» медалі (2005 жыл) және Қазақстан Республикасы Білім беру және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталары, Алматы қалалық, аудандық Білім басқармалары мен гимназияның Мақтау қағаздары т.б.