Алматы қаласы Білім басқармасының
«Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназия»
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі:
(8727) 293-90-80
(8727) 293-90-80
Нашар көрушілер
нұсқасы
14
март
2014

Ерболатова Айжан Аймұқанқызы

 

Ерболатова Айжан Аймұқанқызы – орыс тілінің мұғалімі. Ол – оқытудың озық әдістері мен тәсілдерін, жаңа педагогикалық технологияларын пайдалану арқылы сапалы нәтижеге жетуді көздейтін ізденімпаз ұстаз.

Айжан Аймұқанқызы «Компьютерлік техниканың орыс тілі мен әдебиеті пәніндегі ролі және интерактивтік әдістерді пайдалана отырып оқыту» тақырыбында ғылыми-әдістемелік ізденіс жасайды..

Ол орыс әдебиеті пәнін музыка, бейнелеу өнері пәндерімен байланыстыра өткізуде тәжірибе жинақтағанмұғалім. Осы бағытта 5 сыныпта «Чайковский» тақырыбында өткізген сабағы осының дәлелі болмақ.

Мұғалім әр сабағын эстетикалық, ақыл-ой, адамгершілік тәрбиесімен үндестіріп, оқушыларын талғампаз болуға, жазушы, ақын, суретші, сазгерлердің еңбектерін оқып білуге және терең түсініп, сүюге, яғни көркемдік сезімін байытуға тәрбиелейді.

Оқыту мен тәрбиелеу үрдісінде жаңа педагогикалық технологияны, әсіресе орыс тілі мен әдебиеті пәндерінде ақпараттық технологияларды сабағында кеңінен пайдалады. Осы бағытта қалалық әдістеме кабинетінің ұйымдастыруымен №19 М.Жұмабаев атындағы орта мектепте өткізілген орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің семинарында 6-сыныптағы «Сын есім» тақырыбында қазіргі заман талабына сай интербелсенді оқыту әдістерін тиімді пайдалана отырып көрсеткен сабағы үшін қалалық білім бөлімінің мақтау қағазымен марапатталды.

Ұстаз өзінің іс-тәжірибесін қала, облыс көлемінде ғана емес, сонымен бірге республикалық басылымдарда да жариялады. 2007 жылғы «Орыс тілі мен әдебиеті мектепте, колледжде және ЖОО-да оқыту» атты республикалық ғылыми–әдістемелік журналдағы «Развитие творческих способностей на уроках русского языка и литературы в классах с казахским языком обучения» деген мақаласында өз тәжірибесімен бөлісті.

Ұстаз дарынды оқушылармен жұмыс істеуде өзіндік жұмыс ерекшелігімен көрінеді. Ұстаздың шәкірттері бірнеше жыл қатарынан қалалық, облыстық, республикалық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. 2008 жылы 10- сынып оқушысы Г.Нүржігітова 3 орын, 2009 жылы 9-сынып оқушысы Д.Рысақова 3 орын, 2010 жылы 9-сынып оқушысы А.Жантұрсын 3 орынды иеленді. Пән олимпиадасына ғана дайындап қоймай, ұстаз ҚҒЖ жұмыстарына да басшылық етіп, оқушылардың жан-жақты болып, зерттеуге де үйренулері үшін әдістемелік көмек ұйымдастырады. 2007-2008 оқу жылында этномәдениеттану секциясы бойынша «XXI ғасырдағы Қазақстан» мәдениеті. «Театр» тақырыбында зерттеген жоба жұмысы қалалық кезеңде 3-орын алып, осы жоба жұмысы Қазақстан Республикасы Кіші ғылым Академиясының 34-і Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясында 3-дәрежелі дипломмен марапатталды. Айжан Аймұқанқызы 1998 жылдан бері «Пікірсайыс» бағдарламасы бойынша «Ұлттық жаттықтырушы», қалалық пікірсайыс бағдарламасының үйлестірушісі болып қоғамдық қызмет етіп келеді. Ұлттық жаттықтырушы ретінде Орал, Көкшетау, Қарағанды, Талдықорған қалаларында және Алматы облысының Іле, Ақсу, Алакөл, Сарқан, Ескелді, Қаратау аудандарында үйрету семинарларын жүргізді. 2006-2007 жылдары ол жаттықтырған «Ертабыс», «Шығыс» топтары облыстық пікірсайыс бәсекелерінде жүлделі орындарды ғана иеленіп келген. Ұлттық бапкер ретінде 2008 жылы «Балдаурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығында Қазақстан балалар ұйымдарының 2 Республикалық слетіне қатысып, «Ересектер-балаларға» шеберлік сабағын өткізді. Айжан Аймұқанқызы үздік жаттықтырушы ретінде 2009 жылдың 4 қарашасында Астана қаласында өткен ҚР Білім және ғылым министрлігі, Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ұйымдастырған «XXI ғасырдың балалары: біздің құқығымыз бен мүмкіндігіміз» Республикалық балалар саммитінде марапатталды.

Бүгінде Айжан Аймұқанқызы еңбек етуді Алматы қаласындағы №159 Ы.Алтынсарин атындағы гимназияда жалғастыруда. Өзінің ізденімпаз, еңбекқор екендігін осы білім шаңырағында да жалғастыруда. 8 «ә» сыныбында «Однородные члены предложения. Знаки препинания при них» сабағын, 8 сыныптар арасында «Умники и умницы. Творчество А.С.Пушкина» атты сыныптан тыс әдеби-танымды кеш өткізді. Ұстаз 5 «б» сыныбының жетекшісі ретінде ата-аналарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Айжан Аймұқанқызы Алматы қалалық пікірсайысқа оқушыларды дайындап, қала бойынша жүлделі орындар иеленіп жүр. Мектеп оқушылары биылғы оқу жылының 8-9 қазан күндері Астана қаласында Республика оқушылары арасында ҚР Денсаулық министрлігі мен жас депутаттар ассоцациясы бірлесе өткізген Республикалық пікірсайысқа қатысып қайтты. Топ ойыншылары сайыста жақсы бағаланған өнер көрсетіп, өз шеберліктерін шыңдап оралды.

Ерболатова Айжан Аймұқанқызы ата-аналары, шәкірттері, әріптестері арасында үлкен абыройға, құрметке ие.

 

 

 

Осы беттің QR-коды:
QR-код этой страницы:

Похожие публикации: